Мектеп тарихы » Абылай хан атындағы № 4 орта мектебі
Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің
"№4 Абылай хан атындағы орта мектеп"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72636) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72636) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы

06
март
2017

Мектеп тарихы

 

Мектеп тарихы

 

 

 

Мектебіміздің тарихы - қаламыздың тарихы

 

Қазіргі кездегі Абылай хан атындағы орта мектептің орнында 1919 жылға дейін шіркеу жанындағы шағын мектеп болған.

1919-1920 жылдары 4 жылдық бастауыш мектеп болып қайта құрылды. Ең алғашқы директор болған  Г. Матюхов.

1938 жылы орыс орта мектебі аталды, оны шаруа жастарының мектебі деп те атаған.Ең алғашқы түлектердің саны 8 адамнан тұрған.

1939-1940 жылдары халық құрылысы әдісімен жаңа мектеп салынды.

Ұлы Отан соғысы жылдары мектеп ғимаратының жартысы әскери қазарма болып жабдықталды.Осы жылдары мектеп директоры А.Ф.Стефановский болды.

1945-1946 жылдары мектепте 389 оқушы оқыса, мектеп директоры А.А.Кадышевтың басшылығымен 20 мұғалім жұмыс істеді.

1949 жылы мектепке Н.К.Крупская атағы берілді.

1992 жылға дейін мектепте Ф.Набоко, С.Т.Шабалдин, В.Д.Помогалов, Д.П.Ни, М.П.Королев, В.Рудницкий,В.М.Шабалова, Н.В.Мельников сияқты директорлардың басшылығымен талай талантты ұстаздар қызмет етті.

1992 жылы мектепте қазақ сыныптары ашылды.

1993 жылдан бері мектеп Абылай хан есімін алды. Осы жылдан 2001жылдар аралығында мектепті дарынды педагог, «Қаз. ССР-дің үздік ағартушысы» , ауданның құрметті азаматы – Букаев Жұмахан Нүсіпұлы басқарды.

2001-2007 жылдар аралығында мектепті Ахметов Бекет Төлегенұлы басқарды. Осы жылдары мектеп ҰБТ бойынша аудан мектептерінің алдыңғы орындарынан көрінді. Бекет Төлегенұлы қазіргі кезде аудан әкімінің орынбасары қызметінде отыр Бұл мектеп ұжымы үшін үлкен мақтаныш.

2007-2008 оқу жылынан бастап мектепке Ильяс Изембайұлы Қатубаев басшылық жасайды. Қазіргі кезде мектепте 103 мұғалім қызмет етеді Оның 82-жоғары білімді,жоғары санатты-26, бірінші санатты -30, екінші санатты -23 мұғалім. Оқушылардың жалпы саны 1457 құраса, оның 283 үздік, 506 екпінді оқушылар. Мектептің техникалық оқу базасы жылдан жылға жақсарып келеді. Қазіргі уақытта  интерактивті тақтасы бар 5 кабинет, жан-жақты жабдықталған физика кабинеті, 1 мультимедиалық және 1 лингофонды-мультимедиалық кабинет жұмыс істейді. 2012-2013 оқу жылынан бастап мектеп  электронды оқуға көшті.

Абылай хан атындағы № 4 орта мектеп

 

2010-2011 оқу жылы бойынша мектепте 1450 оқушы екі ауысымда оқиды. 34 - қазақ сыныптарында 888 оқушы, 24 - орыс сыныптарында 562 оқушы бар. 4 мектеп алды даярлық сыныптары бар. Мектепте 103 мұғалім еңбек етеді. Оның 79- жоғары білімді, 17- арнаулы орта, 7- аяқталмаған жоғары; 22 –жоғары, 37-бірінші, 17- екінші санатты. Мұғалімдер 11 әдістемелік бірлестіктерге топтастырылып, шығармашылық ізденіспен жұмыстар жүргізеді. 2009-2010 оқу жылында 3 облыстық, 3 аудандық семинарлар өткізіп, 19 мұғалім іс-тәжірибесін аудан және облыс көлемінде таратты. Озық іс-тәжірибені зерттеу, жинақтау және тарату мақсатында 4 шығармашылық топ құрылған.

   2008-2009 оқу жылында 3 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды және ҰБТ бойынша орташа балл 84 % құрады.

      2009- 2010 оқу жылы бойынша ҰБТ орташа балл 78,6 пайызды құрап, бір оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.

 

Үлгілі ұстазы бар өнегелі білім ордасы

      

          Егемен еліміздің білімді, озық ойлы жас ұрпағын тәрбиелеп, еңбектеніп жүрген ауданымыздың алдыңғы қатарлы мектеп ұжымы –Есік қаласы Абылай хан атындағы №4 орта мектебі.

        «Білім беру реформасы табыстың басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез-келген азаматы әлемнің кез-келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейде көтерілуі болып табылады. Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиістіміз»-деп Елбасымыз  ұстаздардың алдына үлкен міндеттер қойған. Мектебіміздің бүгінгі істері осы бағыттың алдыңғы қатырында екенінде біздің күмәніміз жоқ. Оған - түрлі Республикалық, облыстық аудандық іс-шараларда топ жарып жүрген ұстаздарымыз бен шәкірттеріміз куә.

        Қай заман, қай уақытта болмасын, мемлекетіміздің беделі мен абыройы білім беру саласына байланысты. 90 жылдан астам тарихы бар Абылай хан атындағы орта мектептің ірге тасы 1919 жылы 4-жылдық бастауыш мектеп болып қаланған. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қазақтың атақты ханы, саясаткері, ұлы қолбасшысы, батыр - Абылай ханның есімі берілді. Бүгінде педагогикалық ұжым оқу-тәрбие жұмысы нәтижесімен аудан мектептері арасында алдыңғы қатарлардың бірі болып келеді. Осы  жылдары мектебімізді мектеп тарихында өзіндік ізін қалдырған талантты директорлар басшылық жасады. 1993-2001 жылдары мектебімізді «Қазақ ССР-нің оқу-ағарту ісінің үздігі», қоғам қайраткері, ауданымыздың құрметті азаматы Жұмахан Нұсіпұлы Бұқаев басқарса, 2001-2007 жылдар аралығында  жаңашыл, таланты ұйымдастырушы, «Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі», қазіргі кезде аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүрген, аудан мұғалімдерінің жанашыры Бекет Төлегенұлы Ахметов басқарған.

        Мектебіміздің материалдық- техникалық базасы бүгінде білім беру үлгісіне сай жабдықталған. Мектепте 5 кабинет, атап айтсақ, химия, биология, физика, информатика интерактивті тақтамен жабдықталған. Сондай-ақ бір мультимедиалық кабинет жұмыс істейді.Аудан әкімі мен білім бөлімінің қолдауымен мектептің сынып тақталары мен парталарының 50 пайызы түелдей дерлік жаңартылған.

31 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана оқу-тәрбие ісіне үлкен үлес қосып келеді. Тәжірибесі мол кітапханашылар отансүйгіштік, адамгершілік, эклогиялық және т.б. тәрбие тараулары бойынша өз жұмысын жоспарлап, мектепішілік және аудан көлемінде іс-шаралар өткізіп отырады.

       Білім мен тәрбие беру үрдісінің нәтижелігі, ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізу,талдау, оқыту мен тәрбиенің тиімді әдістерін таңдай отырып бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруды басты мақсат еткен мектеп әкімшілігі мүшелері өз жұмыстарына үлкен жауакершілікпен қарап, бар ынтасымен еңбек етуде. Оқу-тәрбие үрдісінің баршасына жан бітіріп, бақылау, зерттеу, оқыту, үйрету және басқа толып жатқан іс-әрекеттер мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, оқушылардың іс-әрекетін педагогикалық сауатты ұйымдастыра білуіне байланысты. Бүгінгі күні біздің мектепте еңбек етіп жүрген 103 мұғалімнің 27 пайызы жоғары, 36 пайызы бірінші санатты мұғалімдер. Шәкірттерінің талабын ұштай білген ұстаздарымыз С.Ербекеева, Е.Бухатова, Л.Рока, П.Суриков, Г.Баймолдина, Т.Мукалиева, Е.Алмабеков, Т.Өмірзаков, М.Әбіләшім, Т.Жұмашева, А.Харулина, З.Домрачева С.Турикбаева, Д.Рахымжанова,Г.Алтынбаева, Ч.Маймерова, Ғ.Қырбасова, Б.Акирбаева, Н.Молдасбаева, Н.Шумарова және т.б. есімдерін мақтанышпен атаймыз. Мектеп ұжымы оқу үрдісінде  «Педагогикалық технологияның жаңа әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, дифференциялық қарым-қатынас және ұлттық құндылықтар негізінде оқушы мен оқытушының шығармашылық деңгейін дамыту» өзекті мәселесін басшылыққа алуда.

Мұғалімнің шеберлігін шыңдауда, кәсіби деңгейін көретуде және олардың іс-тәжірибесін жинақтау, зерттеу тарату мақсатында мұғалімдер арасында «Жылдың үздік жас маманы», «Жыл мұғалімі» шығармашылық байқаулар дәстүрге айналса, соңғы үш жылда ұжымның 80 пайызы кәсіби біліктілік курстарынан өтті. Сондай-ақ озық іс-тәжірибені баспа беттерінде жариялау, республикалық, облыстық және аудандық әдістемелік, практикалық семинарлар өткізу, облыс, аудан бойынша әртүрлі кәсіби байқауларға қатысу  үрдіске айналған. Республика бойынша 3 мұғалім тарих, биология, химия пәндері бойынша он-лайн режимндегі сабақтар берді. Сонғы үш жылда 12-жылдық оқу жүйесіне дайындық, бастауыш мектеп пен негізгі буын арасындағы сабақтастық, жаратылыстану-математика бағытында бағдарлы оқыту мәселелері бойынша 3 облыстық, пән бірлестіктері бойынша 4 аудандық әдістемелік- практикалық семианарлар өткізілді.  Облыстық қазақ тілі пәндері мұғалімдерінің байқауында А.Нурмағанбетова, география пәні бойынша «үздік панорамалық сабақ» сайысында Г. Турманбетова  облыстық білім бөлімінің мақтау қағазымен марапатталды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастырылуымен облыс көлемінде матиматика пәні мұғалімдерінің 19 аудан қатысқан байқауында мектебіміздің мұғалімі Баймолдина Күлману Байқонысқызы жоғарғы нәтиже көрсетіп, мамырдың 10-11 аралығында Астана қаласында өтетін математика мұғалімдерінің Республикалық сьезіне қатысуға жолдама алды.  Бұл мектеп қана емес аудан бойынша үлкен жетістік әрі мақтаныш. Мектептің оқу үрдісінде  жоспарланған әдістемелік шаралар өз деңгейінде атқарылса ғана оң нәтиже берері сөзсіз.Осы мақсатта мектепте 11 әдістемелік бірлестік, 4 шығармашылық топ жұмыс жасайды. Олардың басты мақсаты -мұғалімнің кәсіби біліктілік деңгейін арттыру. Алдыға қойылған әдістемелік мақсат қол жеткізген жетістіктердің себеп-салдарын модельдеу, жаңа педагогикалық технологияларды меңгере отырып, педагогтардың әдістемелік деңгейін жетілдіру, жоғары интеллектуалдық қабілеті бар балалармен атқарылатын жұмысты жүйеге келтіру, педагогикалық ұжымның даму мониторингісінің жүйесін жақсатру сияқты міндеттермен ұштасып жатыр.

        Мектепте қабілетті оқушылар үшін «Ізденіс-Поиск» ғылыми қоғамы құрылған. Оқушылар қоғамы  лингвистикалық, тарихи-өлкетану, био-экологиялық, физика-математикалық бағытында жұмыс жүргізіп келеді.  Ғылыми қоғам мүшелері жыл қорытындысы бойынша  кеңес отырысында үздік мектепішілік оқушылардың ғылыми жобасы байқаудың келесі сатысына ұсынылады. Өткен оқу жылдары бойынша әр түрлі бағытта 6 ғылыми жоба байқауға қатысып, жүлделі орындардан көрінді.Био-экологиялық бағыт бойынша аудандық, облыстық, республикалық байқауларда «Бал арасының емдік қасиеті»(жетекшісі Е.Бухатова), «Есік қаласының экологиясы» (жетекшісі Е.Нармағанбетова) ғылыми жобалар  жүлделі 1 және 2 орындар алды. Көптеген оқушылар «Кенгуру», «Британ бульдогы», «Ақ бота», «Русский медвежонок» халықаралық және республикалық ойындарға қатысып, 11 оқушы 1-орын, 6 оқушы 2-орын, 13 оқушы 3- орынға ие болды.

2010-2011 оқу жылы бойынша 24 оқушы аудандық жалпы пәндер бойынша олимпиадада жүлделі орындардан көріне берді. Бейнелеу өнеріне бейім оқушылардың жыл сайын әр түрлі тақырыпта шығармашылық көрмелері ұйымдастырылады. «Домбыра –дастан», саз, қолөнер үйірмелері тұрақты жұмыс жүргізеді. 

        Соңғы үш жылда ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке ие болып, мектебіміз ауданда алдыңғы орындардан көрінуі әрбір оқушының даярлығы мен мүмкіндіктеріне, қабілеттері мен білімдеріне сүйене отырып, оның бейінді бағытты дұрыс таңдауына жол сілтей білген ұстаздар ұжымының нәтижесі. Осы бағытта бастауыш мектеп, орта буын және жоғары сыныптарда оқу-тәрбие үрдісі бойынша сабақтастыққа негізделген жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді, бағдарлы оқыту қатаң басшылыққа алынған, ҰБТ, МАБ бойынша кешенді жоспар жасалынған. Осы жылдары мектеп 4 «Алтын белгі», 3 ерекше аттестат иегерлерін ұшырса, 29 оқушы таңдаған мамандығы бойынша гранттар иеленді.

       Мектепте оқушыларды сауықтыру, олардың  дене шынықтыру және спорт түрлерімен айналысуына мүмкіндігінше жағдай жасалынған. Мектепте кіші футбол, баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, шахмат үйірмелері жұмыс істейді. Мектептің «Альтаир» футбол командасы аудандық, облыстық жарыстардың жүлдегерлері болса, екінші «Бекет» футбол командасы аймақтық жарыстарда өз ойындарының шеберлері екендегін көрсетіп келеді. Волейболдан ерлер командасы аудандық жарыстардың жүлдегерлері. Тоғызқұмалақтан--------------- оқушысы облыстық жарыста жүлделі –орынға ие болды. Күресші қыздарымыз аудан атынан түрлі жарыстарға қатысып, ------  спорт шебері атағын алуда. Жыл сайын мектебімізде «Алау» әскери-патриоттық спорт ойындары мен байқау өткізу дәстүрлі үрдіске айналған.

      Жастар қашан да ел болашағы, туған жеріміздің үкілі үміті. Жастарға білім берумен қатар, тәлімі мен тағлымы  мол тәрбие берудің маңызы зор. Білім мен тәрбие егіз ұғым. Осы орайда дана ғалым Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»  ұлағатты сөзін ұмытпағанымыз абзал. Мектепте білім мен тәрбие ұштастырыла жүргізіледі. Тәрбие жұмысындағы басты ұстаным -ұлттық құндылықтарымызды бой тұмар етіп сақтайтын, дені сау, жан-жақты дамыған, адами құндылықтарды бағалай білетін тұлғаны қалыптастыру.  Мектеп өміріндегі іс-шаралар қала және аудан көлемінде де жүргізіліп, өзінің дәстүрлі жалғасын тауып келеді. Аудан, қала  бойынша өткізіліп тұратын жастар форумы, КВН жарысы, спорттық іс-шаралар, ән байқаулары мен т.б. түрлі шығармашылық байқаулар мен жарыстарға оқушыларымыз үзбей қатысып, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүр. Балаларға өнегелі тәрбие беруде көп көмегін беріп жүрген ата-аналар комитеті мен қалалық ақсақалдар алқасы, қоғамдық ұйымдар. «Ынсап» қоғамдық ұйымы 2008-2010 жылдар аралығында 4 рет оқушылармен кездесу ұйымдастырып, қазіргі таңда маңызды болып отырған имандылық, діни ағымдар, терроризм, наркомания, зиянды әрекеттер туралы дәрістер өткізіп қана қоймай, деректі фильмдер көрсетіліп, пікір алысып «дөңгелек үстелдер», пікіралысулар ұйымдастырды. Заң және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары, құқықтық білім мен тәрбие беру мақсатында жыл сайын мектебімізде құқық қорғау органы, ішкі істер қызметкерлері және маман дәрігерлермен кездесу өткізіліп тұрады.

       Уақыт алдында зор жауакершілігі бар, мамандық атаулының қайнар көзі, биік тұғырын ұстап жүрген ұстаздың алдында әлі де үлкен міндеттер тұр. «Ұлттың болашағы ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі-ұстаздардың қолында» деген ұлағатты сөзді ұстаздарымыз естен шығармақ емес. Мектеп ұжымы заман ағымынан қалдырмай жаңартып, жаңашыл бағытта еңбек етіп, оқу мен тәрбиенің жаңа мүмкіндіктері, даму көкжиегі, өзекті мәселелері төңірегінде ізденістер жүргізуде. Олар:12-жылдық оқыту жүйесіне көшуге дайындық жүргізу, білім берудің 2010-2020 жылдардағы мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алып, оқу-тәрбие үрдісінің жаңа тиімді жолдарын таңдау.Мұғалім қауымының бар мүмкіндіктері мен мектептің материалдық -техникалық базасын пайдаланып, нәтижеге бағытталған оқыту үрдісінің ақпаратты- инновациялық- коммуникативті технологиясын тиімді меңгеру, қабілетті балалармен жұмысты жаңа бағытта жандандыру, балаларды тәрбиелеу обьектісі – балалар ұйымын «мектеп-балалар ұйымы» жүйесі негізінде жандандыру, ең бастысы қоғам, ата-ана мен бала алдында ұстаз беделін көтеру.

             «Тәрбиеде ата-анадан кейінгі, ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезім құндылықтарын сіңіруші -  ұстаз қауым» деген ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов. Ұлы қайраткер Абылай ханның атына да затына да сай жан-жақты қырынан биіктен көрініп жүрген мектебіміздің алар асуы, көрер көкжиегі әлі алда деп ойлаймыз. Жалпы адамзаттық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, өз Отанын шексіз сүйетін, бәсекеге қабілетті елдің білімді азаматтарын тәрбиелеуде еңбегіміз нәтижелі болатынына сенімім мол. 

 

2010-2011 оқу жылында қол жеткізген жетістіктер:

 

Аудандық жалпы пәндер бойынша 24 оқушы жүлделі 8 оқушы 1-орын, 9 оқушы 2- орын, 7 оқушы 3- орындар алды.

Республикалық Кіші Ғылым Академиясының 37 –ші ғылыми –практикалық конференциясының 1-дәрежелі дипломымен 10-сынып оқушылары Болатова Назым,Айтбаева Айдана марапатталды( ғылыми жетекшілері Бухатова Е.Н.). Аудандық «Дарын» ғылыми жобасында оқушылардың 2 жұмыстары жоғары бағаланып, экология бағыты бойынша (жетекшісі-Рока Л.И.) Войтицкая Анастасия, Байрамова Мадина 2-орын алды және дипломдармен марапатталды.

        Райымбек батыр атындағы аудандық пәндер олипиадасында мектебіміздің 32 оқушысы жүлделі орындар алды.

        АОМКДИ ұйымдастырған «Мен -Қазақстан Азаматымын!» атты облыстық ғылыми жобаға 8д сынып оқушылары(жетекшісі Маймерова Ч.В.) аудан атынан қатысып, көпшіліктің көңілінен шыға білді.

       Қазақ –түрік лицейі ұйымдастырған мемлекеттік тілге арналған «Жарқын болашақ» аудандық байқауында А.А.Хайрулина, М.Әбіләшім оқушылары қатысып, жалпы есеп бойынша екінші орын алды.

Похожие публикации:

17 апрель 2017 Мектеп ұжымы